Биыл еліміздің ислами әлемі үшін мерекелі жыл. Бекет Атаның 270 жылдығы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуы атап өтілетін жыл. Облыстық орталық мешітте осынау қос мерейтой аясында тұрмысы төмен 300 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Мешіттің «Жастар ісі» секторы ұйымдастырған сауапты шараға Маңғыстау облысы бойынша «Зекет» корпоративтік қоры, облыстық және Ақтау қалалық, Мұнайлы ауданындағы мешіттер мен жамағат қолдау көрсетті.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов өңірімізді әлемнің көптеген елдеріне танытып тұрған рухани ұстазымыз Бекет атамыз бен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мерейлі мерекелері құрметіне 300 шаңыраққа қайырымдылық көрсетуге қолдау білдіріп, шараның басы-қасында жүрген барша азматтарға алғыс айтты. Сондай-ақ ол күллі жамандықтың алдын алуға сеп болатын қайырымды істерді көбейте түсу керектігін қаперге беріп, мұндай шаралардың жыл бойы жалғаса беретінін жеткізді.
Қолдарына азық-түлік салынған ауыр қапшықтарын арқалаған отбасылардың барлығы үйлеріне тегін көліктермен жеткізілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА