Токио олимпиадасының іріктеу турниріне қатысатын боксшылардың есімі жарияланды. Бұл туралы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Азия/Океания аймақтық іріктеу турниріне қатысатын боксшылар қатарында Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келіден жоғары) бар.
Іріктеу турнирі 3-11 наурыз күндері Иорданияның Амман қаласында өтеді. Жарысқа 28 мемлекеттен 220-дан астам спортшы қатысады. Ерлер 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Жеңімпаз атанған 63 спортшыға олимпиаданың жолдамасы беріледі.
Айта кетейік, 52 келі, 57 келі, 63 келі салмақта үздік нәтиже көрсеткен 6 боксшыға, сонымен қатар 69 келі, 75 келі, 81 келі салмақтағы 5 боксшы лицензия ала алады. Ал 91 келі және +91 келіден ауыр салмақта 4 лицензия беріледі.
Айбек МҰХАНОВ