Алдағы жылу маусымына 474 білім беру, 105 денсаулық сақтау, 156 әлеуметтік нысанды, 390 қазандықты, 779 шақырым жылу желісі мен 1 712 тұрғын үй нысанын қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Наурызда жылу желілері мен жылу жүйелеріне жүргізілген температуралық сынақтар барысында 45 ақау анықталып, қазір жойылды. Ақтауда 23-27 мамыр аралығында жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу басталады. МАЭК-те алдағы жылыту маусымына дейін ЖЭО-2-де 3 қазандықты, ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-де 2 турбоагрегатты, 1 энергоблокты, 6 су тұщыту қондырғысын және 6 қазандықты жөндеу жоспарлануда.
«Ақтау қаласының 20, 28 А және 33 шағынаудандарының тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында жылу қазандықтарының 5 модулі сатып алынады. Бюджеттен 301,6 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Ақтау қаласының 18 және 32 шағынаудандарында қуаттылығы 40 Гкал/сағ болатын 2 модульдік қазандық сатып алу қажет. Бұл қазандықтарды газбен қамтамасыз ету үшін биыл магистральдық газ құбырының құрылысын аяқтау қажет. Оны аяқтау үшін бюджеттен қосымша 4,9 млрд теңге қажет», – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.
Қазіргі таңда облыс орталығындағы 1-6 шағынаудандардың жылу желілерін жаңғырту жобасы әзірленді. Жоба ведомстводан тыс сараптама сатысында тұр.