Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлық фактісін мәлімдеген екі адам 420 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте осындай фактілер туралы хабарлайтын азаматтарды көтермелеу шараларын «пәрменді тетік» деп атады. Сол себепті өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу тәжірибесі кеңінен таралуда. Мәселен, 2021 жылы алты азамат сыбайлас жемқорлық туралы хабарлап, бір миллион теңге көлемінде сыйақы алған болатын. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарды қорғау тиісті түрде орындалады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы мөлшері келесідей: - сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК; - онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК; - ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК; - ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК; - аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК; - Пара немесе келтірілген залал сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, біржолғы ақшалай сыйақы көрсетілген соманың 10 % құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды. Айта кетейік, сыйақы сот үкімінен кейін төленеді. Сыбайлас жемқорлық фактілерімен кездескен жағдайда Агенттіктің 1424 нөміріне немесе Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кезекші бөліміне 8 (7292) 319110 қоңырау шалу қажет.