Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа ұсыныс жолдап шықтым.
Ақын, мемлекеттік қызмет ардагері, қоғам қайраткері Иманалиев Шабаз Иманалыұлы (12.02.1940-01.07.2011) ақсақалымыз тұрған үйінің қасбетіне мемориалдық тақта орнату керек.
ҚР Мәдениет және спорт министрінің 17.05.2019 жылғы № 138 бұйрығына сай тиісті құжаттары жинақталды.
Мемлекеттік, қоғамдық қызметтерінде ел үшін ерен еңбегі сіңген азаматтың есімін ұмытпау, өнегесін ұлықтау, рухына тағзым ету, қайраткерлік тұлғасын жас ұрпақтың жадында жаңғыртып отыру үшін Ш.Иманалыұлының туғанына 80 жыл толуына орай, өмірінің соңына дейін (25 жыл) өзі тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатудың өлшемшарттары мен қағидаларын бекіту туралы заң негізінде портретімен ескерткіш қоюды облыс пен қала тұрғындары да құптайды деп сенемін, көршілерінің келісімін алдық.
Орналасқан жері (мекенжай): Ақтау қаласы, 14-шағын аудан, 40-үй.
Иманалиев Шабаз Иманалыұлы 1940 жылы 12 ақпанда Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Қаракөл ауылында дүниеге келген. 1958-63 жылдары Гурьев педагогикалық институтының (қазіргі Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) филология факультетінде оқыған. Еңбек жолын Қаракөл орта мектебінің оқу ісі меңгерушісі болып бастайды. 1963-65 жылдары Кеңес әскері қатарында борышын өтеп қайтқан соң, 1965-68 жылдары Қарабау орта мектебінің директоры қызметін атқарады. 1968-71 жылдары Қызылқоға аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып еңбек етті. 1971-73 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқиды.
Гурьев (қазіргі Атырау) облысының құрамында болған Маңғыстау жеке облыс болып құрылған 1973 жылы жоғары партия мектебін бітірген Ш. Иманалиев жаңа құрылған облысқа қызметке шақырылып, кейінгі ғұмырында осы өлкенің төл тумасындай болып, өмірінің ақырына дейін оның дамуы мен гүлденуіне қалтқысыз қызмет етіп өтті.
1973 жылдың наурыз айынан бастап, 1978 жылға дейін Маңғышлақ облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарды.
1978-80 жылдары Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1980-85 жылдары халық депутаттары Форт-Шевченко қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды.
1985-88 жылдары Маңғышлақ облысының баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасының басшысы, 1988-90 жылдары Каспий аймақтық құрылыс басқармасы парткомиссиясының төрағасы, Маңғыстау облыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясы төрағасы қызметінде болды. 1991-99 жылдары Маңғыстау облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау бас басқармасының басшысы қызметін атқарды.
1999-2007 жылдар аралығында республикалық «Отан» саяси партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы директоры, филиал төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарып, облыстағы жетекші партия қызметін жолға қоюшылардың алдыңғы сапында болды. 2007 жылдың маусым айынан бастап өмірінің соңына дейін Ш. Есенов атындағы КМТИУ ректорының кеңесшісі қызметін атқарды.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Абырой» қоғамдық-консультативтік кеңесінің, партияның облыстық саяси кеңесінің және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің мүшесі болды.
Оның халыққа сіңірген еңбегі, еліміздің қоғамдық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі бағаланып, жоғары наградаларға ие болды. «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл» (1970), «Еңбектегі ерлігі үшін» (1971), «Украинаны фашист басқыншылығынан азат етудің 60 жылдығы» (2004), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Белсенді қызметі үшін» (2006), «Маңғыстау облысына 35 жыл» (2008) төсбелгілерімен, ҚР Президентінің, облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Түпқараған ауданының «Құрметті азаматы».
Қоғам қайраткері, ақын Шабаз Иманалыұлы 2011 жылы 1 шілде күні 71 жасында дүниеден озды.
Қаламгердің қолжазба мұралары, замандастарының естеліктері 2013 жылы «Информ-А» баспасынан «Өмір жыры» және «Көңіл сыры» деген атпен екі томдық кітап болып жарық көрді. Құрастырған – Ш. Есенов атындағы КМТИУ профессоры – Ә.Д. Қабылов.
Бақтыбай ЖАЙЛАУ