Жаңаөзен қаласында 200 орындық «Зерде» жекеменшік бастауыш мектебі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қала әкімі Айбек Қосуақов мектептің ашылуына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады.
- Жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастағалы отырған сіздердің қуанышыңызға ортақпыз! Ауылдық жерлерде оқушылардың білім сапасын жақсарту, мектептерде үш ауысымдық кезеңнің болмауына жол бермеу мақсатында құрылған «Зерде» бастауыш мектебінің табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге қадамдарыңыз құтты болсын демекпін. Сапалы білім -жетістікке жетудің басты құралы! Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі міндеті, демекші, ұлағатты ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт, абыройлы еңбек тілеймін!, - деді қала әкімі Айбек Қосуақов.
Мектепте 1-4 сынып оқушыларына замануи оқу-әдістерін қолдану арқылы қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі үйретіледі. Сондай-ақ, сабақтан тыс кезде оқушыларға шахмат, домбыра үйірмелері ашылған.