Оқиға 1 қыркүйекке қараған түні 19 шағынаудандағы 35-үйдің маңында болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жүргізуші куәлігі жоқ Toyota Camry жүргізушісі аулада тұрған Toyota Prado, Nissan Tiida, Kia Optima үш көлікке соқтығысқан. Сосын жолға шығып кетіп, жол жиегінде тұрған Honda Odyssey көлігіне, содан кейін Toyota Land Cruiser көлігіне соқтығысқан. Сосын инерция бойынша өтіп бара жатқан Toyota Camry көлігіне соғылған.
Оқиға куәгерлері мен бүлінген көліктердің иесі полиция келгенше Toyota Camry жүргізушісін ұстаған.
Полиция департаменті оқиғаға кінәлі адамның мас болғанын айтады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде жүргізуі, сондай-ақ көлік құралын басқаруы) бойынша хаттама толтырылды. Әкімшілік қалалық соттың шешімімен жол апатына кінәлі тұрғын 20 тәулікке арнайы уақытша ұстау изоляторына қамалды.