Жақында ғана Үндістанда өткен дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жеңімпаздары, көршілес Өзбекстан Республикасының шахматтан құрама командасының спортшылары бүгін Ақтауға келді.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиевпен болған кездесуге шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Маңғыстау облысы шахмат федерациясының өкілдері мен Өзбекстаннан арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Көршілес ел спортшыларының өңірге шақырудағы мақсат – елордада 17 қыркүйек күні басталатын әйелдер арасындағы ФИДЕ ойыны қарсаңында Бибісара Асаубаеваға қолдау көрсету, Ақтаудағы жас шахматшыларға серпін беру.
2- қыркүйек күні 15 шағын аудандағы амфитеатр алаңында бір мезетте 100 тақтада шахмат ойыны өткізілмек. Шараның салтанатты ашылуы сағат 17.00, ойын 18.00 басталады.
-Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер! Өңірлік спортшылардың деңгейін көтеріп, тың серпін беру мақсатында федерация тарапынан осындай ұсыныс болған еді. Шақыртуды қабыл алғандарыңызға ризашылық білдіремін. Маңғыстауда спортпен шұғылданушылар саны жыл сайын артуда. Осы жылы облыста 1500 ден астам спорттық шаралар, чемпионаттар ұйымдастырылмақ. Мұның барлығы жергілікті спортшыларды қолдау мақсатында өткізілуде, - деді Ұ.Тінәлиев.