Ақтауда үй жанында орналасқан дүкендердегі азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі жүргізген мониторинг жұмыстарына қалалық мәслихаттың депутаты, сауда департаментінің өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшесі қатысты.
Бақылаушы топ негізінен «Сауда қызметтерін реттеу туралы» Заңның шеңберінде дүкендердегі халық күнделікті тұтынатын 19 түрлі тауар бағасына бақылау жасады. Бұл заңның 9-бабына сәйкес, дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар тауар - көтерме сауда берушіден сатып алған бағадан 15% пайызға аспауы тиіс. Сондай-ақ, осы Заңның 31-бабы 7-тармағына сәйкес, дүкендерге азық-түлікті көтерме бағада тауар тарататын сауда орындары өздері жеткізетін болса, үстеме баға 5%-дан аспауы тиіс.
-Осы заңға құлақ аспай, бағаны асырған дүкен иелеріне ескерту жасалды. Ал, бір жыл ішінде талаптарды қайта бұзу фактісі тіркелсе, 10 АЕК-ден 300 АЕК дейін айыппұл салынатыны туралы ескертілді. Қателіктерге келсек, шамадан тыс үстеме баға қойғандар болды және тауарлардың жанында баға қағаздарының болмауы тіркелді. Мұндай заң бұзушылықтар бір емес, бірнеше мәрте кездесіп отыр, деді мониторинг топ мүшесі Аллаберген Қонарбаев.
Айта кетейік, алдағы уақытта да осы бағыттағы барлық шағынаудандағы үй жанындағы дүкендерге тиісті түсіндіру және ескерту жұмыстары жалғаспақ.