Биыл сегіз ай ішінде 607 алаяқтық қылмыс тіркелген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасында өткен баспасөз жиынында Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Амангелді Досжанов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Амангелді Досжановтың сөзінше қаржы ұйымының нақты қызметі түсініксіз, инвестициялық саламен байланысты болады. Оның айтуынша ұйым сайты кәсіби емес мақсаттағы арзанқол деңгейде болады. Сайтта жарғылық құжаттар, басшылық туралы мәліметтер болмайды.
- Тіркелген қылмыстық істерге талдау жүргізу барысында халықтың көпшілігі банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан, интернет сайттарда тауарға тапсырыс беру кезінде алданатыны анықталды, - деді Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Амангелді Досжанов.
Ал ресми мәліметке сүйенсек Маңғыстау өңірінде Жаңаөзен, Ақтау, және Мұнайлы ауданында алаяқтық пен қаржы пирамидалары бойынша деректер жиі кездеседі.
Бұдан бөлек, Ақтауда алаяқтық қылмыстың алдын алу шарасы күшейтілмек. Ақтау қаласы аумағында адам көп шоғырланған жерлерде 13 LED-экранда профилактикалық сипаттағы бейнебаяндар көрсетіледі.
Орталық көшелердің бойында орнатылған дауыс зорайтқыштар арқылы алаяқтардың әрекетінен сақтану бойынша ұсынымдар таратылады. Облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен бірлескен іс-шаралар жоспарланған. Нәтижесінде тұрғындарға құқықтық сипаттағы смс-хабарламалар жіберіледі.
- Алаяқтық қылмыстардың алдын алу мен болдырмау бағытында жүргізілетін жұмыстар мен іс-шараларды ұйымдастыруды облыс прокуратурасы назарда ұстап отыр, - дейді Маңғыстау облысы прокурорының бірінші орынбасары Марат Тойжан.