Ақтаулық ата-ана оқушыларға берілетін 40 мың теңге көлеміндегі қаражатты алу үшін көп құжаттың сұралатынын айтып, облыс әкімдігінің телеграм каналында шағымданған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығы.
Әлеуметтік желі қолданушысы облыс әкімдігінің телеграм каналында жылына бір рет төленетін 40 000 теңгеге түбіртектің талап етілуі артық екенін, бұл қаражаттың бір балаға да жетпейтінін айтып шағымын білдірген. Сондықтан ол осы жағдайды түсіндіруді сұраған. Білім саласының мамандары жауап беріп, заң тұрғысында мәселенің мән-жайын айтты.
Білім басқармасы мамандарының мәліметінше, түбіртекті сұрату ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы N64 Қаулысына сәйкес орындалады.
- Бұрын белгілі бір санаттарға жатқызылатын балалар дайын күйінде керек-жарақтарын алатын. Алайда, киімдер оқушыларға тар не кең болып, сыймай қалатын. Сондықтан Қаулыға өзгерістер енгізілді. Енді тауар (сабаққа қажетті киім-кешек, сөмке, оқу құралдары) берілмейді, ақшалай көмек көрсетіледі. Ол үшін ата-ана керек-жарағын алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына міндетті түрде құжаттамамен (төлем туралы түбіртектер, чектер, фото) алып келу керек, - деді Маңғыстау облысы білім басқармасының жауапты мамандары.
Толық ақпаратпен adilet.zan.kz сайтында танысуға болады.