«Каспий» футбол орталығының басшысы болып черногориялық маман Сава Ковачевич тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Каспий» ФК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сава Ковачевич өткен маусымда «Каспий» футбол құрамасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. Ол алға қойған негізгі міндеттерді орындап, премьер лиганың жолдамасын алуға еңбек етті.
Черногориялық маман енді балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуды көздеп отыр. Бұл ретте Сава Ковачевичтің жастармен жұмыс жасауда мол тәжірибесі бар.
«Осы уақытқа дейін ол өз отаны Черногорияның «U-17» және «U-19» ұлттық құрамаларының бас жаттықтырушысы, «Краснодар» (Ресей) футбол академиясы бас бапкерінің орынбасары болып жұмыс істеді. Былтыр облыстағы «Каспий» футбол командасын жаттықтырды. Сондай-ақ Сава балалар футболын оқытудың әдістемелік бағдарламасын әзірлеген кәсіби маман.
Қазіргі таңда облыстық футбол клубының бапкеріне үміткерлер қарастырылып жатыр», - дейді «Каспий» ФК баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 2019 жылы «Каспий» футбол командасы Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, Қазақстан футбол федерациясының премьер лигасына қадам басқан болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА