Ел Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны мәлім. Бұрын да елімізде дамып келе жатқан еріктілер қарқыны биыл күшейе түсетін сыңайлы. Өйткені бұл — еріктілер ұйымдары үшін зор жауапкершілік.
Жақында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов «Бекет ата» орталық мешітінде жастармен кездесті. Әңгімені өзін таныстырудан бастаған Әнуар Ізімбайұлы мешіт жанындағы жастар секторының мүшелері, Ақтау қаласы мен аудандардан келген белсенді жастарды дәстүрлі дініміздің таза күйінде тарала түсіп, ұрпақтан ұрпаққа дұрыс жеткізілуі үшін мешітке ерікті түрде көмектесуге шақырды.
- Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІІ Республикалық имамдар форумында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері», «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» секілді 3 құжат қабылдаған болатын ,- деді бас имам. - Басқосуымыз «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Себебі, тұғырнамада әр мұсылман адамның бойынан табылатын негізгі жеті қасиетті – имандылық, отаншылдық, білімге құштарлық, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік қамтылған. Адамның бойында бұл қасиеттердің бірі болса, екіншісі болмауы мүмкін. Болашаққа жетелейтін бұл қасиеттерді ұлттық болмысымызға сіңіру – Ұлы дала халқының рухани жаңғыруына жол ашары сөзсіз. Шыны керек, біздің салт-дәстүріміз Ислам дінінен бастау алған. Алайда, теріс ағымдар жетегінде жүрген бауырларымыз қазақы дәстүрлеріміздің барлығынан бас тартуда. Егер осы бағытта жүре берсек, біз ұлт болудан қаламыз. Сондықтан дініміз бен салт-дәстүріміздің ғасырлардан бері біте-қайнасып келе жатқанын түсіндіруіміз керек, ісімізбен дәлелдеуге тиіспіз. Маңғыстау әулиелі мекен саналады. Тарихы бай бұл өңірді халық киелі өлке деп атайды. Осындай жерде жұмыс істеу мені үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік те. Ақсақалдардың айтуы бойынша, осында 100-ге жуық мешіт болған көрінеді. Қазір 35 мешіт бар Маңғыстауда. Осы мешіттердің санын 100-ге жеткізіп, халықтың мешіттерін өзіне қайтарсақ дейміз. Сөйтіп, осында ғұмыр кешкен бабаларымыздың жолдарын жаңғыртып, имандылықтың ордасы болған мешіттер мен медреселер халыққа қызмет етсе, елдің тұтқасын ұстар иманды азаматтар тәрбиелеп шығарсақ деген арман-мақсатымыз бар. Ұрпағымыздың барлығын молда етіп шығару емес біздің міндетіміз. Ұл-қыздарымызды өз тарихымызбен тәрбиелеп, рухани жігерлендіруіміз керек. Небір білімді діндарлар өткенін білгені дұрыс ұрпақтың. Өз тарихын, ата дінін танып өскен бала жат ағымдардың құрбаны болмайды. Сондықтан ата дінімізбен сабақтасқан бай тарихымызды, жақсы дәстүрлерімізді ұрпақ санасына сіңіру жолында бірігіп жұмыс жүргізгеніміз жөн.
Бас имам Мұнайлы ауданындағы мешіт жанында жұмыс істеп тұрған «Үмбет жастары» еріктілерінің жағдайы жоқ азаматтарға баспана салып беріп, басқа да тындырып жүрген қомақты істерін ризашылықпен атап өтті. Қоғамдық қордың биыл да жұмысын жалғастырып, қайырымдылық шараларын жүзеге асыра береріне сенім мол. Басқа да сауапты, қайырлы шараларға тоқталып өткен ол өз ұсыныстарын да ортаға салды. Мәселен, мешіт ауласын абаттандыру керек, аулада өңіріміздің құндылықтарын паш ететін рухани орталық болғаны дұрыс. Ал мұндай келелі істердің барлығы қаржыға тіреліп, адам күшін қажет ететіні анық. Сондай-ақ имам өлке тарихынан сыр шертетін тартымды бейнероликтер түсіру сияқты ойларын да жайып салды.
Абзал Меңдібаев, Нұрлан Мұсаев, Бақтыбай Жайлау сияқты азаматтар да Ислам дінімен астасқан ата салтымыздың кең қанат жайып, жаңғыруы бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Басқосуда көтерілген мәселелер айтылған жерде қалмай, жүзеге асуы қажеттілігіне назар аударылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА