©
Осы сұрақтың жауабы бұрын да көпшілікті мазалаған. Қазір де солай. Жұрттың бәрін қызықтырады. Себебі өзен түгіл көлі жоқ, тіпті бір тамшы су табылмайтын шөлден аңқасы кепкен медиен дала. Түгін тартса майы шығатын сайын даланың төсін түртсең су емес мұнай шығады. Сонда «Өзен» деген қашан, қалай, қайдан пайда болған? Не үшін «Өзен» деп аталған? Осындай сан түрлі сұрақтарға жауап іздеу мақсатында ел арасында айтылып жүрген аңыз, әңгімелерге құлақ түріп, астарына үңілдік. Кәрі құлақ қариялар мен естімішін есте сақтайтын азаматтардың айтқандарын қағазға түсірдік. Солардың бірі – Рахим Серікбаев. Ол байырғы мұнайшы. Естігенін ұмытпайтын жадыкеш жан. Білгенін бипаздап айта білетін шешен. Сұңғыла сөздің шөл қандырар салқын сусынындай көрікті жерлерін көңілге ұялатқан – осы кісі. Айтқандары, әрине ертеде өмір сүрген көпті көрген, көкірегі ояу қариялардың бірінен-біріне қалған, құлақтан-құлаққа жетіп естігендері. Рекең 1949 жылы Жетібайдың төңірегіндегі Айран тақыр деген жерде дүниеге келген. Ол беріден Шетпеге қарай шығып, Ақтауға қарай бұрылатын тұста. Рахимның әкесі Әжімағи да, атасы Серікбай да өмірінше жылқышы болған жандар. Олар ұжымшардың жылқысын баққан. Ол жерде «Қара бөгеже» деген ұжымшар болған. Оның орталығы Ақтаудан әрі кеткенде кездесетін Түлкілі сайдың ішінде орналасқан. Қазіргі күндері тарихтың құпиясын қойнауына көмкерген сол сайда орналасқан орталықтың орны бар. 1950 жылдардың шамасында ұжымшарларды біріктіріп, ірілендірген кезде әлгі Қара бөгежеге Шевченконың есімі беріліп, қайта қалыптастырылды. Сол кездері Серікбай да, Әжімағи да осы ұжымшардың малын бағып, Айран тақырдағы екі-үш құдықтың басында киіз үй тігіп отыратын. Рахим да отбасылық кәсіптен алыстап кетпеді. Шыбыққа ілінуден қолына құрық алып, «Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғысы содан жүреді» дегендей әке кәсібіне ден қойды. Жалпы малшылардың, әсіресе, жылқышылардың көпшілігінің көкірегі ояу, санасы сергек болады. Өйткені, жылқы мінездес жылқышының ой-арманы, қиял-мақсаты өзгелерге қарағанда ұшқары, табиғатпен тез тіл табысып, өскен ортаның кез келген құбылысына жылдам жымдасуға бейім болады. Сондықтан туған жердің тарихы, өскен жердің ерекшеліктері санасына тез сіңіп, есінде өмір бойы өшпестей боп сақталып қалады. Шевченко атындағы ұжымшардың орталығы - Қаңға. Қаңға баба, Мақтым баба деген Түбіжіктің қасындағы жерлер. Мал жайылатын жері – қазіргі Сенек. Сенек – Шевченко атындағы ұжымшарының қырға шығаратын бір бөлімшесі болған. Рахимның әкесі соң қойшы болды. Отбасымен ұжымшардың бірнеше отар қойын да бақты. Әкесі Әжімағи 1967 жылы 50 жасында ауыр науқастан көз жұмды. Ал шешесі одан да ертеректе, яғни 1953 жылы қайтыс болып, Қара бөгежедегі ескі қорымдардың бірінде қалды. Отбасының бар ауыртпалығы әлі жасы жиырмаға толмаған Рахимның мойнына шөкті. Сонда да қиындыққа қайыспай, әкеден қалған құрықты да көпке дейін қолынан тастамады. - Мен тарихшы әлде әдебиетші емеспін. Бірақ жастайымнан ертедегі айтылған ескі аңыз-әңгімелерге құлағым түрік болды. Ел аузындағы тарихи сөздерді көп тыңдап өстім. Соны осындай реті келгенде біреу болмаса екінші біреудің пайдасына жарар деп, сұраған жандарға айтып беремін, - дейді Рахим Әжімағиұлы. – Жалпы мен 1966 жылы Форт-Шевченко қаласындағы Киров атындағы орта мектепті бітірдім. Әкем қайтты. Сосын 1968 жылға дейін қойшы болып бір отар қой бақтым. Кенжебай Ешманов деген ұжымшар басқармасының төрағасы болды. Арада екі жыл әскер қатарында болып, Отан алдындағы міндетті борышымды өтедім. 1970 жылы елге оралып, тағы баяғы атакәсібімді жалғастырдым. Өзеннің ойындағы «Борсы мұрын», қазіргі №10 топтық қондырғының айналасы ол кезде ашық жатқан айдала болатын. Кенорын содан кейін пайда бола бастады. Сол кезде ол жерде оншақты үй отыр екен. Әрине, барлығы малшаруашылығымен айналысады. Солардың ішінде жылқышы ағам да бар еді. Мен де келіп қоныстандым. Ол жердегілерден «Малдарыңызды қайдан суарып отырсыздар?» деп сұраймын ғой баяғы. Олар «Өзеннен» дейді. «Сіздердің естеріңіз дұрыс па? Айтып тұрғандарыңыз қайдағы өзен? Өзен түгііл көл емес-ау, су ағатын шағын арық та жоқ ғой» деймін. Сөйтсем, №31 топтық қондырғыдан әрі қарай, №10 топтық қондырғының қапталында, яғни Өзеннің ойында, айнала қоршаған таулардың етегін бұрын ел жайлаған. Байлар ауыл-ауыл, бөлек-бөлек болып қоныстанған. Ол кездері қысқы қыстау, жер үй, тас үй дегендер мүлдем болмаған ғой. Шаруашылықтарына ыңғайлы, суы мол құдықтардың басында киіз үй тігіп, қысы-жазы қозғалмай отыра берген. Сол жерде мол суы ешқашан сарқылмайтын, үнемі бір деңгейін сақтап тұратын құдық болды. Суы өте тұщы да емес, аса кермек те емес. Әйтеуір, ішсең ішіңді ауыртпайды. Жұрт сол құдықты өзен суындай мол болғасын, әрі ешқашан сарқылмай бір деңгейде тұратындықтан «Өзен» деп атап кетіпті. Сол «Өзеннен» әскерден оралғасын жылқы, қой, тай-тұяқтарымыздың бәрін қолмен тартып, шелектеп суаратынбыз. Мысалы, Түбіжіктегі, Қызылсайдағы құдықтардан аз ғана мал суарсаң түбі көрініп, суы сарқылып қалатын. Сосын су жиналамын дегенше бірталай уақыт өтеді. Ал мына құдық жұрттың бәрін қарық қылып отырған. Міне, Жаңаөзен қаласының атауының түп дерегі осындай деп ойлаймын. Қазір ол құдықтың айналасының бәрі кенорын болып кетті. Әлгі №10, 21, 31 топтық қондырғылар сол жерлерден «қара алтын» байлығын өндіріп тұр. Өзімде институт бітіріп келіп, «Бұрғылау» мекемесіне жұмысқа орналасып, зейнеткерлікке шыққанша сол мекемеде еңбек еткенмін. Сол кездері осы жерлерді анау Жетібайға дейін бұрғылауға атсалысқанмын. Ал Жаңаөзен қаласының құбыла жағында Теңге қорымы бар. Осы Теңге туралы да ел арасында әртүрлі пікірталас өте көп. Баяғыда, яғни осы ғасырдың басында сол әулиеге Теңгенің рухына арнап ас-садақа беріліп, басына ескерткіш салынды. Сол тұста Теңге Мұңалдағы Бәйімбеттің Байпағының қызы екен деп айтылып жүрді. Одан кейін біреулер Бәйімбеттің емес, Жарының қызы екен деп шықты. Ең соңында тағы біреулер Қосайдың қызы екен деп шығарды. Теңге деген әйелдің сегіз арыс Адайдың әлі қаншасының қызы болатыны белгісіз. Сондықтан осы Теңге туралы Рахим Серікбаев ағамыздың көзқарасын білгіміз келген. - Менің ертедегі ағаларымыздан естуімше Теңге, Шолы әулиелері түрікменнің әйелдерінің атына қойылған секілді. Бұлар жылқылары көп байлардың әйелдері көрінеді. Өздері Ақтаудың арғы жағындағы Құсыр деген жерде тұратын болған. Өлер шағында үй-іші, бала-шағасына «Мені өлгеннен кейін сүйегімді өмір бойы жылқы баққан жайлауыма қойыңдар» деп ақтық өтінішін айтып кетіпті. Содан осы екі әулиенің бірі – Теңге, екіншісі – Шолы деп аталыпты деген әңгіме бар. Иә, бізбен әңгімелескен белгілі мұнайшы Рахим Серікбаев осындай пікірлер айтты. Әрине, бір кісінің пікірі дұрыс та, бұрыс та болуы мүмкін. Сондықтан басқа да пікір айтамын деушілерге редакциямыздың есігі ашық. Өйткені ел арасындағы құнды деректер, әртүрлі аңыз-әңгімелер бүгінгіге де, келешекке де ауадай қажет. Сол үшін оқырмандардан хабар күтеміз.Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Қазақстанның құрметті журналисі