Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен қазақтың асыл перзенті, Алты Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай «Мағжан көктемі» республикалық фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өткізілді.
Байқауға 17-29 жас аралығындағы қала және аудандардан үміткерлер қатысты.
Қатысушылар ақынның асыл мұрасы – өлеңдерін, поэмаларынан үзінділерді жатқа оқу және Мағжан Жұмабаевқа арнау өлең оқу 2 бөлім бойынша бақ сынасты.
Қазылар алқасының мүшелері шешім шығару барысында қатысушылардың көркем мәтінді оқу шеберлігі, мәтінді дұрыс дыбыстауы, көркем мәтінді таңдау талғамы, сахналық образ және оқу шеберлігін басшылыққа алды.
Бас жүлде – Маңғыстау ауданы, «Жармыш» орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрғиса Тоқтарбаевқа, І орын – Қарақия ауданы, «Құрық» орта мектеп гимназиясының 11-сынып оқушысы Баян Ұзақбаеваға, ІІ орын – Мұнайлы ауданы, № 8 жалпы білім беру орта мектебінің мұғалімі Айша Мурзабаеваға, ІІІ орын – Мұнайлы ауданы, № 3 жалпы білім беру мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мұғалімі Марзия Абдукаримоваға бұйырды.
Түпқараған ауданы, «Шахта» орта мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Айнұр Қайырқожа, Ақтау қаласы, № 28 жалпы білім беру орта мектебінің 11-сынып оқушысы Арман Назарбаев, Мұнайлы ауданы, № 9 жалпы білім беру орта мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Қалабай Тұрмағамбетов ынталандыру сыйлығына ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Оқу—білім бұлағы» атты білім сайысы өтті