Ақтауда «Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз: Қазақстанда инклюзивті қоғам құру» жобасының аясында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылды. «Дара» қайырымдылық қоры ашқан арнайы кабинет сөйлеу, көру, есту қабілетінде, оқып-үйрену, қарым-қатынас жасау мен дамуында қандай да бір қиындықтары бар балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық-медициналық көмек көрсетуді мақсат тұтады.
"Балалармен жеке даму бағдарламасына сәйкес дефектолог, логопед, тифлопедагог, стардопедагог, олигофренопедагог, психолог, әлеуметтік педагогпен жеке және топтық жұмыстар жүргізіледі", - деді «Дара» қорының өкілі Гүлнар Досаева салтанатты шарада.
Салтанатты рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, мұндай ұйымдардың қажеттілігіне баса назар аударды.
«Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы» бағдарламасында: «Менің назарымдағы басты мәселе - әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету» деген болатын. Олай болса, бүгін «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, қазақтың қарапайым қызы Гүлнар Досаеваның қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педогогикалық түзеу мекемесінің ашылуына өздеріңіз куә болып отырсыздар. Аталған мекеме бүгіннің өзінде Ақтау қаласындағы 270-ке жуық мүмкіндігі шектеулі баланың 35-ін қабылдап, өз жұмысын бастап кетті», - деді Е.Тоғжанов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Маңғыстауда 4968 мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленуші тіркелген. Арнайы білім беру ұйымдарында 49 арнайы педагог, 23 логопед, 19 олигофренопедагог, 7 сурдопедагог жұмыс жасайды.
Айта кетерлігі, 2018 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысының білім басқармасы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Мұнайлы ауданынан Педагогикалық-психологиялық-медициналық концультация, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылынан Психологиялық- педагогикалық түзету кабинетін ашуды көздеп отыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН