©
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ҚР Парламент депутаттарымен кездесті. Өңірге Мәжіліс депутаттары Ерлан Барлыбаев, Ирина Унжакова, Бақытгүл Хаменова, Тарас Хитуов жұмыс сапарымен келді, - деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сапардың басты мақсаты – облыстың тұрғындарын Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру және оны жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстарды баяндау.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов депутаттарды облыс дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, алдағы нақты жоспарларды атап өтті. Сондай-ақ депутаттар шағын және орта бизнесті несиелендіретін «Нұр Капитал» бағдарламасына қызығушылық танытты.
«Сәуір айында 1% -бен несие беруді бастаймыз. Бағдарлама аясында 200-ге жуық бизнес-жоба қарастырылды. Біздің басты міндетіміз - қоғамдық сананы жаңғырту арқылы еңбек нарығын трансформациялау. Бұл аймақтағы бизнестің дамуына қуатты серпін береді. Біздің міндет - ең алдымен, жаңа өндіріс ашып, жаңа жұмыс орындарын құратын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру. ШОБ дамыту бұл Маңғыстаудың одан әрі өркендеуіне кепілдік болмақ», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеуінше, депутаттар жұмыс сапары барысында облыс халқымен кездесу өткізеді.