Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Президент жанындағы басқару академиясының аймақтық филиалында“ Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы. Жаңа кезеңге – жаңа реформалар” тақырыбында дәріс оқыды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуда аймақ басшысы әрбір мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндетті сапалы орындап, халыққа қолжетімді болуы қоғамның мемлекет жұмысын бағалаудағы басты көрсеткіші болатынын атап өтті. Проблемаларды шешуде жаңа және инновациялық шешімдерді жасауға тәуекел етудің маңыздылығын да жеткізді.
-Мемлекеттік қызметшілерге халықпен өзара іс-қимыл жасаудың жаңа нысандарын үйрету, сондай-ақ тиісті әдіснамалық қолдау көрсету бойынша Президент тапсырмасы бойынша көптеген шаралар атқарылуда. Құжат айналымы мен есептілікті қысқарту мақсатында Президент «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Қызмет көрсетудің осындай ашық, жаңа заманауи әдістерін қолданылуымыз керек. Бюджеттік жоспарлар да азаматтардың қатысуымен және олардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалынуы тиіс. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі - "Ең алдымен адамдар" қағидатында көрсетілген міндетке қол жеткізу үшін халықпен тікелей және кері байланыс арналарының жұмысына жүйелі мониторинг пен талдау жасау керек, - деген аймақ басшысы Жарлықта қамтылған шаралар мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу соңында Нұрлан Ноғаев аудиторияға жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.