10 қазанда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «Aбу Даби Портс Груп» ұлттық компаниясының бас атқарушы директоры, капитан Мохамед әл-Шамиси бастаған БАӘ делегациясымен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шетелдік компания Каспий теңізіндегі теңіз операцияларын кеңейту, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарында логистикалық бағыттарды дамыту үшін «Қазморттрансфлот» ЖШС-мен бірлескен кәсіпорын құруда. Бұл бастама Мемлекет басшысының Транскаспий сауда-логистикалық бағытын дамытудағы бастамасын қолдауға арналған, сондай-ақ Ақтау мен бүкіл Маңғыстау облысының дамуына тың серпін береді деп күтілуде.
– Сіздерді Маңғыстау жерінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Маңғыстау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан Қазақстанның алдыңғы қатарлы, елеулі өңірлерінің бірі. Аймақ 5 мемлекетпен шектеседі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтау портының базасында Каспий өңірі мен Орталық Азия елдері үшін контейнерлік сервис пен паркті қалыптастыруға мүмкіндік беретін контейнерлік хаб құру жұмыстары жалғасуда. Өз тарапымнан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенімізді атап өткім келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.
Кездесу соңында тараптар екі жақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.