10 қазан күні Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен білім беру ұйымдарының қызметіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы, Маңғыстау облысы прокуратурасының, санитариялық - эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының меклекеттік аудит және қаржылық бақылау бөлімінің өкілдері мен білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар қатысты.
Жиында аймақ басшысы мемлекет тарапынан ұстаздарға көрсетіліп жатқан қолдаулардың жылдан жылға артып кележатқанын айтып, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлінің маңыздылығына тоқталды.
-Мамандықты әр адам өзі таңдағанымен, дәрігер мен ұстаз болу ерекше адамдарға бұйырады. Ал, сол білім саласында тәлім беріп жүрген кейбір мұғалімдердің жалған дипломмен сабақ бергеніне де анықталуда. Осы салаға басқан алғашқы қадамдарын сондай өтіріктен бастаса, олар берген білім қандай болмақ? Болашақ ұрпақ алдында бәріміз жауаптымыз. Ұстаз - жүрген жерінде үлгі көрсетер тұлға. Соңғы кездердегі келеңсіздіктер осы қасиетті ұғымға күйе жағуда. Ұстаз - адамды емес, адамзатты тәрбиелейтін тұлға. Ұстаздардың барлығына топырақ шашуға болмайды, тек осындай кілтипандар бар екені жасырын емес. Жігерімізді жанып, мінез қалыптастыра отырып, жұмылып жұмыс жасайық. Ұстаздарды ынталандыру үшін көптеген жағдайлар жасалуда. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қабылданған педагог мәртебесі туралы заңда жалақы мәселесін жыл сайын арттыру, ұстаз мәртебесін айқындау жайлары толық қамтылды. Педагогтарға қажетті жағдай мемлекет тарапынан көрсетіліп жатыр. Маңғыстау облысында биылғы бюджеттің 54%-ы білім саласына бөлінді. Бүгінгі жиналудағы басты мақсатымыз да білім саласы маңызды салалардың бірі болғандықтан, білім беру ұйымдары арасындағы заң бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу бойынша түсінік жұмыстарын жүргізу. Осы бағытта барлығыңызды адал қызмет етуге шақырамын,- деді облыс әкімі.
Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов «Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, департамент ағымдағы жылы жүргізілген бақылау нәтижелерінде анықталған заңбұзушылықтар, келіп түскен шағымдар бойынша ақпарат берді.
Сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің электронды форматтағы көрсетілу маңыздылығына тоқталып, білім беру ұйымдарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының жұмыстарына арнайы баға беріп өтті. Бұған қоса қазан айында басталатын білім саласындағы мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелеріне кеңінен тоқталып, кәсіби мамандардан талдауға қажетті ақпараттар мен нақты ұсыныстар күтетіндігін жеткізді.
Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатындағы жұмыстар бұдан әрі де жалғасын таппақ.