12 қазанда аймақ басшысы «Вагенборг Дениз» ЖШС компаниясының делегациясымен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге «WB Deniz» ЖШС директоры Грегори Джон Воджак, «Вагенборг Дениз» ЖШС операциялық менеджері Айғали Қуандықов қатысты.
Novi Holding B.V. әр түрлі мақсаттағы 12 түрлі теңіз кемелері бар Қазақстандағы голландиялық қаржылық холдинг. Сондай-ақ Маңғыстау облысының Баутино кентінде де операциялық базасы бар.
Сонымен қатар, компания орта дәліздің әлеуетін іске асыру үшін Каспий теңізінде логистикалық жобалармен айналысады. Компания болашақта Маңғыстау облысының туристік секторындағы
жобалармен айналысуды жоспарлап отыр.
Кездесу барысында компания өкілдері жиналғандарды Маңғыстау облысындағы туризм саласын дамытуға арналған инвестициялық жобамен таныстырды.
- Құрметті Григорий Воджак мырза, біз сізді Маңғыстау жерінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Туризм – экономикамыздың басым бағыттарының бірі. Соңғы кездері ел тұрғындары арасында ішкі туризмге деген қызығушылық артып келеді. Атап айтқанда, Ақтау қаласының теңіз жағалауында лайнерлерде жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру жобаларын және басқа да теңіз туризмі жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда. Өз тарапымнан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенімізді атап өткім келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.
Деректерге сүйенсек, 2022 жылдың 9 айында облысқа келген туристер саны 214 мыңнан асқан.
-Қазақстан нарығындағы дамушы компания ретінде біз өз компаниямыздың атынан үлес қосқымыз келеді. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін біз Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті және Калифорния университетімен бірге Халықаралық теңіз академиясының кампусын құру бойынша жұмысты бастадық. Бүгінгі таңда 2023 жылдың қыркүйегінде ынтымақтастықты бастап кету үшін келіссөздер сәтті жүргізілуде. Біз компаниямыздан Ш.Есенов атындағы университетке қажетті оқу жабдықтарын бердік. Біз Маңғыстаудағы теңіз өнеркәсібі мен теңіз туризмін қолдауға және дамытуға ұмтыламыз, деді Григорий Воджак.
Сондай-ақ, Novi Holding B.V. Ақтау қаласындағы жағалау аймағында айлақ салуды ұсынады.
Компания Каспий өңірінде түрлі жобаларда пайдаланылып жүрген төрт орынды 73, екі орынды 11 және бір орынды 2 каютасы бар, сыйымдылығы 316 жолаушыға арналған “Құрманғазы” лайнерін іске қосуды ұсынды. “Құрманғазы” лайнерінде азық-түлік, отын мен пайдаланылған суға арналған қоймалары бар.
Кемеге туристер Ақтаудағы борттан мініп, жағалау аймағында саяхаттай алады.