Ақтаудағы «Ақбота» саябағы мемлекет меншігіне қайтарылды. Саябақтың сенімді басқарушысы «Rent service 2018» ЖШС Ақтау қаласының әкімдігіне паркті мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде өтініш білдірді. Қазіргі уақытта жасалған келісім-шарттың күшін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қосымша келісім жасалғаннан кейін «Ақбота» паркі Ақтау қаласы әкімдігі меншігіне қайтарылады және оған Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызмет көрсететін болады.
Саябақтың инфрақұрылымын дамыту үшін «Rent service 2018» ЖШС 25 млн теңге инвестиция құйды.
-Бұл қаражат паркте тамшылатып суару жүйесін жүргізуге, сыйымдылық пен таймерді орнатуға, жарықтандырудың барлық шамдарын энергия үнемдегіш шамға ауыстыруға бағытталды. Күнделікті тазалау жұмыстарын да біз жүргіздік. Қураған ағаштарды жинап алып, «Ақбота» саябағының жасыл-желекті ретке келтірдік, - деді «Rent service 2018» ЖШС басшысы Әбдімәлік Алеудин.
Айта кетейік, жергілікті бюджеттен паркті дамытуға қаражат бөлінбеген.