Ақтауда 28А шағын ауданында №60 «Ертөстік» бөбекжайының ұжымы ауласына 135 түп гүл отырғызған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бөбекжай қызметкерлері бүлдіршіндерді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына баулиды. Бөбекжай ауласында раушан, мамыргүл, шырайгүл, бақытгүл және түймедақ гүлдері өседі. Аулада алмұрт, шие, алма және айва ағашы өседі. №60 «Ертөстік» бөбекжайының директоры Гүлнар Шыңғалиеваның айтуынша, тазалық жұмыстарына бағбандармен қатар қызметкерлер де атсалысады.
«№60 «Ертөстік» бөбекжайында 320 бала тәрбиеленуде. Бүлдіршіндердің қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру және еңбекке баулу мақсатында балалармен бірге көктем мезгілінде жеміс-жидектер отырғызылды. Жасыл желектерді күтіп баптау жұмыстарын қадағалайтын бағбандар бар. Тазалық жұмыстарына бөбекжай қызметкерлері де атсалысады. Аулада жасыл желектерді қопсыту және қоқыстан тазалау жұмыстары жасалады, - деді №60 «Ертөстік» бөбекжайының директоры Гүлнар Шыңғалиева.