Ақтауда жол сақшылары бір апта ішінде 925 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған. Оның ішінде көлік құралын мас күйде басқарған 8 жүргізуші жауапкершілікке тартылған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қалалық полиция басқармасы автокөлікті көлік құжатынсыз басқарған 34 жүргізуші анықтағанын айтты. Сондай-ақ көлікті сақтандыру полисі жоқ күйде басқарғандар да болған.
«Бір аптада жол жүрісі ережелерін бұзған жаяу жүргіншілердің саны - 224 адам. Осы және өзге де жолдағы өрескел құқық бұзушылықтар үшін арнайы айып тұраққа 7 күн ішінде 81 автокөлік жабылды», - деп жазылған басқарма таратқан ақпаратта.
Ақтау полициясы барша жол қозғалысына қатысушылардан ережелерді қатаң сақтап, жолда мұқият әрі сақ болуларын сұрайды.