Маңғыстаудағы шыныпластикалық құбыр зауыты шығаратын шыны талшықты құбырларды кен орнындарында пайдаланудан миллиардтаған қаржы үнемделмек. Зауыт басшылығы шығарылатын өнімді тек мұнай саласында ғана пайдаланып қоймай, ауыз-су құбыры ретінде де пайдалануға болады дейді. Ол үшін зауыт тиісті орындардың тексерісінен өтіп, рұқсат қағазын да алған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстаудағы шыныпластикалық құбыр шығаратын зауытқа келер жылы – 20 жол толмақ. Осы уақыт аралығында зауыт өндірген өнім тек облыс көлемінде ғана емес, көрші өңірлерге де тасымалданды.
Алғашында тек «Маңғыстаумұнайгаздың» қажеттілігін орындаған кәсіпорын, қазір тек мұнай саласына ғана емес, тапсырыс болса өзге де шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған құбырлар шығара алады. Құбырлардың диаметрі – 63-тен 500 мм-ге дейін, қысымы – 30-дан 152 атмға дейін.
Шыны талшықты құбырлардың болат құбырлармен салыстырғандағы негізгі артықшылығы – беріктілінде. 25 жылға дейін тотығуға ұшырамайды, химиялық агрессивті шөгінділер мен қалдықтарға төзімді. Оның үстіне құрастырудың оңайлығы мен салмағының жеңілдігі тағы бар.
Кәсіпорынның басшысы Аманкелді Айтқұловтың айтуынша, тапсырыс уақытында орындалады. Ақпан айынан бастап жұмысшылар жалақысы 40 пайызға өскен.
-Өзге қымбат өнімді тұтынып отырған кәсіпорындар осы өндіріс жайлы білсе, артықшылықтарын салыстырып қарап, отандық өнімге қолдауын көрсетсе дегім келеді. Әрі тасымал жағы да өзге жақтан әкелінетін тауарларға қарағанда өздеріне тиімді болмақ. Бүгінге дейін зауыт 4650 шақырымнан астам жерге өз құбырын орнатты. Бастысы – ұзақ мерзім мен сапаға кепілдік береміз. Бәрі ұлттық стандарттық талаптарға сәйкес және жоғары сападағы шикізат пайдаланылады. Шикізаттың өзі бірнеше рет зертханадан өтеді. Металл құбырларды шыны талшықты құбырларға ауыстыру – кен орындарында болатын апаттың алдын алуға және экологиялық жағдайдың қалыпты болуына септігін тигізеді, - дейді зауыт басшысы.
2019 жылы аталған кәсіпорын Қазақстанның үздік тауары аталынып, «Сапа үздігі» болып танылған.
Кәсіпорынның қазіргі өнімділігі жылына 590 шақырымды құрайды. Аумақьа 3 цех жұмыс жасауда, 4-ші цех жақында қолданысқа берілмек. Жаңа цехта диаметрі 100 мм шыны талшықты құбырлар жоспарлануда.
Бүгінгі таңда мұндағы қызметкерлер саны – 243 адам.
-Жақын жерлердегі ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыру жүзеге асырылып, зауыт жұмысшыларының 57 пайызын Мұнайлы және Түпқараған ауылдарының тұрғындары құрайды. Жаңадан қабылданған қызметкерлер зауыт қаражаты есебінен оқытылып, бұрыннан жасап келе жатқан мамандар біліктілігін арттыра алады, - дейді Аманкелді Айтқұлов.
Мекеме басшысының айтуынша, соңғы үш айда мекемеге 1 млрд. 400 миллионға тапсырыс түскен.
-Мекемеде жұмысшыларға мереке сайын сыйақылары тұрақты беріледі. Тәулік бойы жұмыс тоқтамайтын болғандықтан, жұмысшалыр ауысыммен жұмыс жасайды. Ыстық тамақ, ауыз су, тасымалдау жағы мекеме тарапынан қарастырылған, - дейді ол.