Тұрғындардың бастамашыл тобы ел Президенті, бас прокурор мен облыс әкіміне «Каспий» стадионын қалдыруды сұрап, ашық хат жолдаған болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Ақтауда алғашқы футбол командасы сол алаңда ойынын бастады. Уақыт өте келе «Труд» стадионының орнына «Каспий» спорт кешені салынды. Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын жергілікті футбол клубы «Каспий» де қазір сол жерде жаттығады. Бұл спорт кешені қаладағы жалғыз стандартты жүгіру жолымен жабдықталған орын. Айта кету керек, қазір Ақтау қаласында салауатты өмір салтын ұстанатындардың қатары көбеюде. Олардың көпшілігі «Каспий» кешені жанындағы жүгіру жолағында таңертең дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Бұл жерде Ақтау қаласының құқық қорғау және басқа да құрылымдарының қызметкерлері де сынақтан өтеді», дейді олар.
Сондай-ақ олар «Каспий» ФК мен олимпиадалық резервтегі спорттық балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінде тегін футбол клубтары жұмыс істейтіндігін де атап өтті.
«Жақында «Каспий» спорт кешенін футбол клубының балансынан алып, Маңғыстау облысының туризм басқармасының балансына өткізіп жатқанын білдік. Одан әрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы спорт кешенінің орнына басқа қонақүй салу үшін сенімгерлік басқаруға беріледі екен. Осылай жүздеген бала мен ересектер тұтас спорт кешенінсіз қалады. Сізден және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асылов Берік Ноғайұлынан осы жер телімінің қонақ үй кешенін салу мақсатында жеке серіктестікке сенімгерлік басқаруға берудің заңдылығын тексеруіңізді сұраймыз», - деп өтініш білдірді тұрғындар.
Облыс әкімдігі азаматтардың өтінішіне жауап берді. Олардың айтуынша, «Каспий» ФК балансында бүгінде техникалық жағынан әбден тозығы жеткен «Жас қанат» және «Каспий 2» спорт кешені бар.
«Техникалық жағдайды анықтау үшін «Каспий» футбол клубының тапсырмасымен 2017 жылғы 26 маусымда «Гарун и К» мекемесі «Каспий» спорт кешені ғимаратының құрылымдық элементтерінің жай-күйіне техникалық сараптама жүргізді. Ол Ақтау қаласы 4 «а» шағын ауданы, №47 ғимарат. Бұл ғимарат 1986 жылы пайдалануға берілген және тексеру кезінде жертөленің барлық бөлмелерінде жер асты суының көтерілуі байқалған. Іргелес 70-80 метр аумақта жер асты суларының көтеріліп кеткені тіпті айқын көрініп тұрған. Ғимараттың темірбетон арқалықтары жарамсыз күйде болды, барлық жерде бетонның қорғаныш қабатының қабаттануы, тіреу аймағындағы жарықтар, бетонның жаншылуы, арматураның коррозиясы байқалды. Жүргізілген сараптама нәтижесінде жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуінен ғимарат апатты жағдайда екені анықталды. Ол кезде қызметкерлердің ғимаратқа кіруін шектеу ұсынылды, бірақ бұл мекеме балалар мен келушілерге қауіп төндіріп, бүгінгі күнге дейін жұмысын жалғастыруда», - делінген жауапта.
Әкімдік төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында аталған ғимараттағы іс-шараларды тоқтатып, балалар мен жаттықтырушыларды «Жас қанат» және өзге де спорт нысандарына ауыстыруға мәжбүр болғанын айтады.
Әкімдік сонымен қатар, Каспий жағалауында 800 орындық, барлық талаптарға сай жаңа спорт кешінінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқанын, ол стадион UEFA 4 стандарттарына сай екенін жеткізді.
«Жаңа стадион спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу, спорттық-сауықтыру шараларын өткізуге толық мүмкіндік бермек. Онда заманауи үлгідегі киім ауыстыратын бөлмелер, допингке тексеретін, тамақтанатын орындар болады. Алғашқы көмек көрсететін кабинеттер де болмақ. Бұл спорт кешенінде көрермендер мен спортшыларға барынша жағдай жасалмақ. Ал, жоғарыда айтылған спорт кешенінің орны туристік аумақ болады. Қазіргі уақытта қаланы дамытудың заманауи тұжырымдамасы әзірленуде, ол бүкіл жағалау бойында заманауи туристік кластерді: халықаралық қонақ үйлер, спорт алаңдары, су айдыны құрылысын қарастырады. Саябақ, яхталарға арналған жақсартылған пирстер, қала тұрғындары мен қонақтары үшін белсенді демалыс және ойын-сауық алаңдары болмақ. Бұл кластердің құрылысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа инвестициялық жобалар іске асырылмақ», - деген Маңғыстау облысы туризм басқармасының берген жауабында.