"Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы" инвестициялық бағдарламаларды орындау аясында іске қосылған нысандар бойынша баспасөз турын өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараны ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің және Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы ұйымдастырды. Баспасөз туры барысында "МӨЭК" АҚ өкілдері 2021 және 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына инвестициялық бағдарламаның іске асырылуы мен тарифтік сметаның орындалуы жөнінде баяндады.
Биыл бірінші жартыжылдықта электр қуатын беру көлемі 1 695 млн. кВт/сағ. құрады. Ал инвестициялық бағдарламаның нақты игерілуі 388 млн. теңгені құрады немесе жоспардың 81 пайызы орындалды. Инвестициялық бағдарлама шеңберінде «МӨЭК» АҚ «Жылы жағажай» ауданында 2х25 МВА трансформаторлары бар ҚС - 110/10 кВ жаңа «Южная» қосалқы станциясының құрылысын аяқтады. Қосалқы станцияны пайдалануға беру үшін ұзындығы 6 шақырымдық 110 кВ жаңа әуе желісі салынды. Сондай-ақ былтыр «МӨЭК» АҚ энергетиктері «Жылы ж» ауданында ұзындығы 10,3 шақырымды құрайтын электр берудің екі тізбекті әуе желісінің құрылысын аяқтады. Жұмыс барысында 256 тірек орнатылды. Құстардың қауіпсіздігі үшін әуе желілерінде заманауи қорғаныс құрылғылары орнатылған.
"ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің медиа-жоспарының 12-тармағына сәйкес "МӨЭК" мекемесінің инвестициялық бағдарламасын іске асыру және тарифтік сметаның орындалысы жөнінде мәлімет берілді, нысандардың таныстырылымы өтті. Мұндай іс-шаралар тұтынушыларға толық ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылады",-дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Салимов.