Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм каналында белгілі бір санаттағы мектеп оқушыларына берілетін әлеуметтік көмекті алу жолдары ата-аналарға түсіндірілді,деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы N64 Қаулысы негізінде мына санаттарға жататын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек бөлінеді:
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға;
3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға;
4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі.
Айта кетейік, Қаржылай және материалдық көмек оқу жылына бір рет беріледі. Жан басына шаққандағы табыс мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беру арқылы анықталады. Егер отбасыға 1 айда кіретін табысты жан басына шаққанда 35 838 теңгеге (кедейлік шегі) жетпесе 1-ші санатқа жататын отбасы, 35 838 теңгеден жоғары, бірақ 51 197 теңгеден (ең төменгі күнкөріс деңгейі ) төмен болса, 2-ші санатқа жатады.
«Мектептен біржолғы қаржылық көмекті алу үшін E-gov порталына кіріп, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басыңыз. Өтінішті толтырып, оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе SMS пароль арқылы қол қойыңыз (азаматтардың деректер базасында міндетті түрде тіркелу). Жеке кабинетте («Алынған қызметтердің тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін өтінішіңізді өңдеу туралы хабарламаны оқыңыз. Егер сіз аталған санатқа жататын болсаңыз мектептің әлеуметтік педагогіне барыңыз»,- дейді Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мурадалиева Гүлзада Ибрагимқызы.