13 тамызда Маңғыстау облысында құрылысшылар күніне арналған салтанатты шара өтіп, облыс әкімі құрылыс саласының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы тұрғын үй және жол құрылысы бойынша еліміздің үздік өңірлерінің қатарына кіреді. Бұл аймақтағы құрылысшы мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Облыс әкімі құрылыс саласының өкілдері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлеріне ел игілігіне арнап атқарып жатқан қызметтері үшін алғысын білдірді.
-Өңірдің дамуына үлес қосып жүрген сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сала ардагерлерінің арқасында қалада көптеген нысандар бой көтерді. Сіздердің әрбір атқарған қызметтеріңіз - өңірдің кешенді және сапалы даму жолында өте маңызды. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, сіздердің жасампаз еңбектерінің арқасында халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік мол. Құрметті құрылысшылар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері, сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында біз жаңа табыстар мен жетістіктерге жететінімізге сенімдіміз! Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақыт, бейбітшілік, жақсылық және амандық тілеймін! - деді Нұрлан Ноғаев.
Шара барысында бірқатар құрылысшыға "Еңбек ардагері" медалі, "Қазақстанның Құрметті құрылысшысы", "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының құрметті қызметкері" наградалық белгілері, облыс әкімінің алғыс хаттары, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Құрмет грамоталары табысталды.
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.