Елімізде «Тұлғалар мен цифрлар арқылы Қазақстанды сүю» атты ауқымды фотокөрме өтпек. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды mangystaumеdia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жан Ақжановтың айтуынша көрме 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Қазақстанның барлық облысында жалғасады.
-Барлығымызға белгілі, біздің еліміз әлемдегі ең үлкен 10 елдің қатарында. Жеріміз қандай кең, байтақ болса, халқымыз бен табиғатымыз да сан алуан, бай колоритті. Жобаны ұйымдастырудағы мақсатым - әр өңірдің көрікті, тарихи жерлерін, еңбек адамдарын фотосуреттер арқылы басқа аймақтарға таныстыру. Сонымен бірге, халықтың өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Көрмеге келген тұрғындар еліміздің әр аумағымен таныспақ. Қазіргі таңда жобаның дайындық жұмыстары жүргізілуде, - деді Жан Ақжанов.
Спикердің айтуынша, әр өңірден жиналған фотосуреттерді қоса есептегенде, 300-дей фото жиналмақ. Әрі қарай, суреттер іріктеуден өтіп, көрмеде 70-тен астам фотосурет қойылады. Сондай-ақ, көрмеге мемлекеттік қызметшілердің имиджін арттыру мақсатында түсірілген фотолар да болады. Сонымен қатар, көрермендер әр фотосуреттің жанындағы QR кодқа ұялы телефон камерасын апару арқылы, суреттегі бейне жөнінде толықтай ақпарат ала алады.
Көрмеге фотосуреттерді жинау 4 шілде күні Атырау қаласында басталып, Шымкент, Тараз, Қызылорада облысында болған. Онда киелі ескерткіштерден бастап, ғарыш айлағы, әртүрлі сала мамандары мен көрікті жерлерді түсірген. Біздің өңірімізде де Бекет ата жер асты мешітінен бастап, облыстық кітапхана мен музейде, мұнай кеніштері жанында фотосессия өтпек.