Сондай-ақ басқосуда жыл басынан бері заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелмегендігі айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Былтыр мұндай жағдайдың орын алуына жол берген жауапты мекемелер шығынын толықтай өтеген.
"Қала аумағы бойынша құрғаған ағаштарды кесу алдын-ала талдау жұмыстарының нәтижесінде жасақталған жоспар бойынша жүзеге асуда. Ең көп және ең бірінші болып өтінім тастаған шағынаудандарда қалыпқа келтіруге жарамсыз ағаштарды жою жұмысы қарқынды жүргізілуде. 8 жұмысшыдан құралған арнайы бригада ұрын тұрғындардың жеке өтінімдері бойынша жұмыс жасайтын. Бірақ тәжірибе бұл әдістің тиімсіздігін көрсетті. Сондықтан белгілі бір шағынауданды толықтай қамтуды ұйғардық. Қазіргі таңда 11-шағынауданды толықтай аяқтап, 8-шағынауданға кірісіп жатырмыз. Алдағы уақытта жоспар бойынша 26,27,28 және 12 шағынаудандарда жұмыс басталады. Сондай-ақ жұмысшылар санын 15 адамға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Сонда 3 бригада болып жұмысын жалғайды",-дейді "Green city Aktau" Айбек Ербөлеков.
Сондай-ақ жауаптылар қала аумағында ағаш түбірін қазып, алып тастау суару маусымы аяқталысымен, атап айтқанда қараша-ақпан айларында бастау алатындығын мәлімдеді.
Тағы айта кетер дүние, жуырда «Green city Aktau» ЖШС шаң-тозаңды аптап ыстықта ауадағы ылғал деңгейін тұрақтандыру үшін арнайы техниканы сатып алған еді. Мекеме директоры Айбек Ербөлековтың мәліметінше шаң-тозаңды басатын арнайы техниканы екі апта ғана пайдаланған. Қазіргі уақытта күннің аптап ыстығына байланысты бұл көліктерді өзге мақсатта, ағаштарды суару үшін пайдалануда.