«Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорында 195 тонна шекер бар. Маусымда 70 кәсіпкер тұрақтандыру қорынан 132 тонна қант алған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Каспий» ӘКК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір қант шағын кәсіпкерлерден бөлек, «Дина», «Анвар», «Идеал Маркет» секілді ірі сауда желілеріне сатылып жатыр. «Каспий» ӘКК-нің тұрақтандыру қоры тәтті түйіршіктерді "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" ҰК" АҚ-дан тасымалдап келді. Енді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қантты Жамбыл облысынан да жеткізе бастады.
«Біз осыған дейін қантты Астраханьнан тасымалдайтын кәсіпкерден сатып алып отырдық. Соңғы шектеулерге байланысты олар жұмысын тоқтатты. Қазір «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қолжетімді бағада ала бастадық. Осы қоймадан қант алуға үшінші рет келіп тұрмын. Қазір 2 тонна қант алып бара жатырмын. Бұл бізге 1 айға жетеді деп жобалап отырмыз», - деді кәсіпкер Мейірбек Мекеев.
«Каспий» ӘКК баспасөз қызметінің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің тұрақтандыру қорында қант мөлшері жеткілікті. Қордағы қант қала мен аудандардағы кәсіпкерлік бөлімінің сұраныс хатына сай жеке кәсіпкерлерге сатылады.