Маңғыстаулық оқушылар Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтетін «Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына аттанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Қарағанды облысында өтетін әскери-патриоттық шараға Маңғыстау облысының атынан екі команда қатысады. Соның бірі, Серікбол Қондыбаев атындағы №22 мектеп гимназиясының «Жас теңізшілер» командасы болса, екіншісі Жаңаөзен қаласындағы №3 орта мектептің үздік оқушыларынан құралған «Жас сарбаз» командасы.
Жас ұландарды салтанатты шығарып салу рәсіміне Маңғыстау облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің ұжымы, Қарулы күштердің ардагерлері, оқушылардың ата-аналары мен мұғалімдері қатысты.
Әскери-патриоттық шарада жас жауынгерлер атыс дайындығы, жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, арқан тарту, кермеге тартылу сынды спортық сайыстардан бақ сынайды.
- Маңғыстау облысының намысын қорғайтын жастарымызға сәттілік тілеймін. Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар болыңыздар. Жүлделі орын алатындарыңызға сенемін, - деді Маңғыстау облысы қорғаныс істер жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нығмет Ахметұлы.
Айта кетсек, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл да жарысқа 40-тан астам команда және 600-ге жуық жас сарбаз қатысады.