Ақтауда 36 шағынауданда жеке инвестордың қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан көтерме қойманың құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталықтың құрылысы былтыр басталған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 30% аяқталды. Яғни, орталыққа іргетас құю жұмыстары аяқталып, жобаның ғимараттары бой көтеруде, тиісті қажетті құрылыс материалдары әкелініп, кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 45 адам, 11 техника жұмылдырылған.
Жоба ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2021 жылдың күзінде өңірге жасаған іс-сапарында азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін сақтау мақсатында көтерме-тарату орталығын және коммуналдық базар салу бойынша тапсырмасы негізінде басталған.
Мақсаты - көтерме сауда орталығы, бөлшек сауда базарлары, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес субъектілері үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастыру.
Осылайша, қала тұрғындарына делдалсыз нарықтағы бағадан төмен бағада тауар алуына, ал жергілікті өндірушілердің өнімдерін кепілді өткізуіне септігін тигізу.
Жоспар бойынша жобаға сәйкес 7 500 тонна көкөністер мен жеміс-жидектер сақтайтын тоңазытқыштар, 3 300 тонна мұздатқыш пен 58 мың тоннадан астам құрғақ қоймалар болмақ.
Бұл жоба 2023 жылдың II-ші жарты жылдығында аяқталады деген жоспар бар.