ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Манғыстау теміржолшыларымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараны облыстық мәслихат депутаты, партияның облыстық филиалы жанындағы штаб мүшесі Нәжмедин Губашев ашып, сөз тізгінін мәжіліс депутатына ұсынды.
Мәжіліс депутаты Еділ Терекбайұлы Конституция белгілі бір топтың мүддесі үшін ғана қызмет ететін қағаз емес, мемлекеттік маңызы бар құнды құжат екенін айтып, оңтайлы өзгерістер ел дамуына жол саларына сенім білдірді.
«Референдум тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне оңды жол ашатын серпілістер мен сілкіністер әкелетін үлкен саяси реформа болайын деп тұр. Мемлекет басшысының Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі құптарлық іс. Енді осыған жүрегі елім, жерім, туған отаным, халқым деп соғатын әрбір азамат белсенді түрде қатысып, өзінің ой-пікірімен бөлісу керек. Қазақстанның болашағы зор. Себебі, Жаратқан еліміздің астын да, үстін де байлыққа толтырып қойған. Осы ұлан-ғайыр даланы аталарымыз аттың жалында жүріп қорғап, бізге аманаттап кетті. Енді сол байлық пен мол мұраны жалпы халықтың игілігіне жаратуымыз керек. Ол ат төбеліндей бай-манаптарға тиесілі болмауы қажет. Сол үшін күресу керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар сол күрестің басы деуге болады. Отыз үш бапқа өзгерістер енгізіледі. Әрқайсысын қарап шықтым. Соның барлығы жүйелі түрде жүзеге асатын болса, еліміз әлем елдерінің ішінен орнын ойып тұрып алады. Конституция – мемлекет үшін ең маңызды құжат. Одан ауытқымау керек. Мен болашақ ұрпағымыздың әділетті мемлекетте өмір сүргенін қалаймын», деді ол.
Теміржолшылар алдағы референдумдағы өзгерістер туралы сұрақтарын қойды. Соның ішінде көпті алаңдатқан сұрақтың бірі – қазақ тілінің мәртебесі.
Еділ Терекбайұлы қазақ тілінің мәртебесін көтеру өзімізге байланысты екенін және өзге тіл елдің экономикасының дамуына үлкен септік әкелетінін жеткізді. Қазақша сөйлеуді өзімізден басуымыз керек екенін айтты.