Кеше «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметкерлері жергілікті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қоғам белсенділерімен кездесу өткізді.
Басқосу барысында «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес қор қызметін жаңғырту мен жаңару үдерісіне икемдеу, әлеуметтік серіктестікті арттыру, жаңа бағдарға иек артқан жан-жақты іс-қимылдың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры 2010 жылы құрылды. 2010-15 жылдары аралығына жобаларға ғана емес, жеке тұлғаларға да көмек көрсеткен еді. 5 жыл ішінде 2228 жобаның жүзеге асуына септесіп, 400 мың адамға қолдау танытты.Алайда талдау мен зерделеу жұмыстарының нәтижесін саралай келе, белгілі бір мәселені шешу үшін жекелеген азаматтарға көмек көрсетудің тиімсіздігі анықталды. Осыған орай 2016-2021 жылдар аралығында 276 жобаны сәтті іске қосу барысында 2 млн.-ға жуық азамат көмекке қол жеткізді. «Samruk-Kazyna Trust» қорының жыл сайынғы бюджеті 7 млрд. теңгені құрайды. Биылдан бастап бұл сомма 10 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Қордың арнайы сайты бар. Сайтта қор тарапынан қолдау тапқан барлық жобалардың нақты сомасы жазылады. Ендігі уақытта қос тарап та қаржының ұтымды әрі орынды игерілуіне байланысты жауапкершілікке ортақтасады. Осы орайда «Samruk-Kazyna Trust» өңірлерде озық идеялардыіске асыруды және бұл бағытта жергілікті азаматтық сектор өкілдерімен ынтымақтастықты жолға қоюды мақсат етіп отыр. Біз бұл кездесуді аймақтық ҮЕҰ-рын жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру үшін өткізуді ұйғардық. Осылайша адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызық идеялар күтеміз. Бұл тұста қор азаматтық сектордың шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге күш салмақ. Мысалы шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін ортақ игілік болуы мүмкін. Сондай-ақ біз іссапар аясында қаржы алуға өтінім беру бойыншақұжаттарды рәсімдеу мен жинақтаудың оңтайлы әдістерін түсіндіруді көздедік. Жуырда әлеуметтік жобаларды дамыту қорының жанынан байланыс орталығы іске қосылды. Күні бүгінге дейін байланыс орталығындағы менеджерлер еліміздің әр түкпірінен әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ететін жобаларын қаржыландыруға мүдделі азаматтардың 400 қоңырауын қабылдап, кеңес берді»,-дейді «Samruk-Kazyna Trust» бас директоры Альфия Адиева.
Альфия Адиеваның сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері 32 жоба аясында 500 мыңға жуық азамат қор қолдауына ие болған. Түркістан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе облыстарында 8 оңалту орталығы толықтай жабдықталған. Бұл орталықтардың әр қайсысы жыл сайын 600-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын сауықтыру, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен түзете дамыту қызметін ұсынады. Алматыдағы оңалту орталығында 70 бала тұрақты негізде психолог, логопед, емдік-дене шынықтыру жаттықтырушысы мен білім беру сипатындағы педагог-әдіскерлердің көмегін алады. Сонымен қатар былтыр «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауымен 16 елді мекенде 70 балаға арналған футбол, каратэ, таэквандо, дзюдо, жүзу, хореография, жеңіл атлетика, бочо және басқа да бейімделген спорт түрлері бойынша 65 секция ашылған. Халықтың әлеуметтік осал санатындағы балаларға арналған «Аула клубтарының» қызметі ұйымдастырылған. Қордың арнайы «Жеңіс» жобасы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету мақсатында бір топ еріктілер азық-түлік себеттерін табыстап, үй-жайын тазалап, санитарлық-гигиеналық бұйымдары мен дәрі-дәрмектерін жеткізіп береді екен.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан көп жылдар бойы Маңғыстау облысының дамуына үлес қосып келеді. Мысалы, 2016 жылдан бастап өңірде жалпы сомасы шамамен 2,5 млрд.теңгені құрайтын әлеуметтік жобалар іске асырылды.
Бұл қаражатқа қор облыстағы 50 жалпы білім беретін мектепті спорттық құрал-жабдықпен жабдықтады, есту, көру және ақыл-ой кінәраты бар балаларға арналған 4 түзету мектебін арнайы түзету жабдықтарымен және дидактикалық материалдармен қамтыды, 19 әмбебап балалар спорт алаңын орнатты, Жаңаөзен қаласында 10 Workout алаңын жасақтады. Бұдан өзге Жаңаөзендегі 10 жалпы білім беретін мектепті 130 дербес компьютермен жабдықтап, Маңғыстау облысының жаңа іс бастаған кәсіпкерлеріне 18 грант берген. Сонымен қоса қор тарапынан мұнай-газ саласының 24 ардагеріне атаулы көмек көрсетіліп, пандемия тұсында өңірге 10 оттегі концентраторы мен 40 пульсоксиметр құралы, сондай-ақ 4 санитарлық машина жеткізілді. Жаңаөзен қаласындажылына 600 балаға арналған церебралды сал, нейро-ортопедиялық аурулары бар және тағы басқа ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығын ашты. «Алға» мүгедектігі бар ересектер клубы спорттық құрал-жабдықпен жабдықталды. Жаңаөзен қаласының ауруханалары мен жалпы білім беретін мектептері және қала маңындағы әкімшілік бағыныстағы кенттер үшін 3 жедел жәрдем машинасы мен 3 мектеп автобусы сатып алынды. Ақтау және Жаңаөзен қалаларында аз қамтылған отбасылардан шыққан және даму ерекшеліктері бар 40 балаға бейімделген дене шынықтыру мен спорттың 4 түрі бойынша 4 топ қызметін ұйымдастыру қаржыландырылды. «Қамқорлық» жобасы шеңберінде «Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК базасында оңалту орталығы мен даму ерекшеліктері бар балаларға арналған ерте араласу орталығын жөндеуді және жабдықтармен жарақтандыруды жүзеге асырды. Ақтау қаласында 60 күнге дейін тұру мүмкіндігі бар 15 төсек-орындық сенім орталығы ашылды. Сондай-ақ компьютерлік және веб бағдарламалау, интернет-маркетинг, робототехника және ағылшын тілін оқыту бағыттары бойынша «Timur academy» офлайн-онлайн оқыту орталығын жабдықтауға септесті. Маңғыстау облысынан 264 бала үшін 21 күндік оңалту курстарын ұйымдастырды. Маңғыстау, Түпқараған аудандары мен Жаңаөзен қаласының 36 жалпы орта білім беретін мектебінің 6-11 сыныптарда оқитын 68 оқушысы қатысқан пәндік олимпиаданың өтуіне мұрыныдық болды. Жаңаөзен көпфункционалды спорт кешенін орнатты. Ақтау шаһарында, 300-ге жуық спортшы, әртістер мен сазгерлер өнер көрсеткен ауқымды фестивальдің өтуіне қолдау көрсетті»,-деп санамалап өтті А.Адиева.
Кездесуде қор қызметкерлері республикалық қоғамдық ұйымдардың қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру үшін қаражат бөлу қамқоршылық кеңес ұйғарымымен шешілетіндігін мәлімдеді. Жоба авторымен zoom платформасы арқылы бейнебайланыс орнату, сұрақ-жауап форматында әңгімелесу - өтінім берудің басты кезеңдерінің бірі. Сондықтан кез келген жобаның тиімділігі, өзектілігі мен тұрақтылығы қаржы тағайындау барысында басты назарға алынады. «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері өңір дамуына соны серпін беретін озық идеяларды қолдауғаәркез даярлығын жеткізді.
Голрох Жеменей