Ақтау халықаралық әуежайынан Грузияға 30 мың доллар алып кетпек болған жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.
- Ақтау – Тбилиси бағытындағы халықаралық әуе рейсінің жолаушыларын кедендік бақылау кезінде Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаменті мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі бірлесіп, 30 мың АҚШ долларын шығару әрекетін тоқтатты. Аталған факті бойынша әкімшілік материал жасалды, - деп мәлімдеді департамент.
Президенттің биыл 14 наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы бойынша, 10 000 АҚШ доллары баламасынан асатын және (немесе) әкету күніне белгіленген ҚР Ұлттық Банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы немесе шетел валютасындағы ақша құралдарын; ҚР Ұлттық банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және ALTYN BARYS алтынынан, КÚMIS BARYS күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды елден шығаруға тыйым салынған.
«Шетелге шығуды жоспарлаған азаматтардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтауын сұраймыз», - дейді кеден қызметкерлері.