Бүгінгі таңда заңды тұлғаларды тіркеу саласында мемлекеттік корпорация көрсететін қызметтердің ішінде заңды тұлғаларды тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін (шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін) есептік тіркеуден өткізу қызметтері толық автоматтандырылған. Мұны "Электронды үкімет" веб-порталында электронды хабарлама жіберу арқылы жасауға болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мысалы, жаңадан ЖШС ашу үшін кәсіпкерге жарғы қажет емес, тіркеу жарнасын төлеудің немесе салық органына барудың қажеті жоқ. Тек компьютер мен электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Егер нұсқауларды орындасаңыз egov.kz сайтында ЖШС тіркеуге 30 минуттан аз уақыт кетеді.
Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін, тіркеуші органға құрылтайшы ҚР ӘМ белгілеген нысан бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама береді. Электронды хабарлама "Электронды үкімет" веб-порталында толтырылады және беріледі.
Бұл ретте шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғылары (ережелері) мемлекеттік тіркеу процесінде ұсынылмайды.
Тиісті орындарды толтырғаннан кейін жүйе барлық деректердің дұрыстығын тексеруді сұрайды. Егер бәрі дұрыс болса жүйе ақпаратты өңдеп, ЖШС тіркеу туралы анықтаманы әрі кеткенде 30 минуттан кейін береді. Егер портал жақсы жұмыс істесе, анықтама 10 минутта дайын болады.