Облыс әкімдігінің телеграмм каналы ашылғалы тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мәселелерін шешіп жүр. Күні кеше Ақтау қаласының 15 шағын ауданының тұрғыны жол мәселесін айтып шағымданған болатын. Желі қолданушысының айтуынша 15 шағын ауданның ішкі жолдары нашар екен. Атап айтқанда №42, 43, 46 үйлердің алдындағы асфальт тесіліп қалған. Одан қалса дұрыс жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тұрғын аталған мәселені тексеріп, реттеуді сұрады.
Аталған мәселеге қатысты Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің мамандары жедел жауап берді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығы. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, 15 шағын ауданға ішкі асфальт жолын салу және абаттандыру жобасында түзету жұмыстары аяқталып, сараптамаға жолданған екен. Жоба сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, қаражат бөлінуіне қарай құрылыс жұмыстары басталады,-деді құрылыс бөлімінің мамандары.
СНХ: Нұрғаным Имашева, МО ӘА "Қоғамдық коммуникация орталығы" КММ әлеуметтік желімен жұмыс бөлімінің маманы:
-Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің телеграм каналына 3697сұрақ келіп түсті. Оның ішінде 3671 сұраққа жауап берілді. Жалпы телеграмм каналға 8829 адам тіркелген. Соңғы уақытта ауыз су мәселесі, қоғамдық көліктің жай-күйі, шағынаудандардағы жолдың дұрыс жөнделмеуіне қатысты сауалдар көптеп түсуде. Жалпы тұрғындардың қойған сұрақтарына жауапты мекеме өкілдері дер кезінде жауап береді.