Биыл «Ақтау-Қызылтөбе 2» бағытында қатынайтын автобустар жаңарады. Бұл туралы Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеше Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм каналында Жаңа дәулет елді мекенінің тұрғыны ауданаралық маршрут санын көбейтуді сұраған еді. Яғни ол «Ақтау – Қызылтөбе 2» бағытындағы автобус Жаңа дәулет елді мекені мен Қызылтөбе тұрғындары үшін тиімді екенін атап өтті.
Аталған тұрғын сауалына облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы жауап берді.
«Жоғарыда аталған маршруттарды субсидиялау үшін 2022 жылға жергілікті бюджеттен 96 млн теңге бөлінді. Енді «Ақтау – Қызылтөбе 2 – Ақтау» автобустары толық жаңарады. Алғашқы жартыжылдықта 4 автобус алу жоспарланса, жыл соңына дейін тағы 4 автобус сатып алынады. Біздің мақсат – субсидия арқылы ауданаралық автобустарды орта класстағы заманауи, жолаушы сыйымдылығы жоғары көліктермен жаңарту», - дейді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Өтемісұлы.
Оның айтуынша, «Isuzu» маркалы, жолаушы сыйымдылығы 25/56 орынды, орта класстағы автобус сатып алынады. Сонымен қатар аталған автобуста пандус пен кондиционер болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтаудан Қызылтөбе 2-ге дейін 8 автобус тұрақты қатынап жүр. Тұрғындарды таңғы 06:30-дан кешкі 20:30-ға дейін тасымалдайды, қозғалыс аралығы – 20 минут. Егер жаңа қоғамдық көліктер қолданысқа берілсе, ескі «ПАЗ» автобустармен жолаушыларды тасымалдау тоқтатылады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Т. ҚҰСАЙЫН