Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2022 жылы Маңғыстаудағы ауыл әкімдерінің сайлауы болады. Нақтылағанда, үш ауыл әкімінің сайлауын өткізу жоспарланып отыр.
- Қаңтар айының 30-ы күні - Маңғыстау ауданындағы Ақшымырау ауылы әкімінің сайлауы өткізілсе, маусым айының 30-ы күні - Қарақия ауданындағы «Болашақ» ауылдық округінің әкімін сайлау өткізіледі. Шілде айында Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылының әкімін сайлау жоспарланып отыр, - деді Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов.
Сайлау науқанының жалпы ұзақтығы - бір ай.
2021 жылдың шілде айында 4 ауданда алғаш рет аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.
Облыста 10 округ бойынша 25 кандидат бюллетеньдерге енгізілді.
1. Бейнеу ауданында – Сарға, Есет, Төлеп ауылдары мен Сам ауылдық округтарында 4 ауыл әкімі сайланды.
2. Қарақия ауданында Құланды ауылдық округінің әкімі сайланды.
3. Маңғыстау ауданы бойынша Жармыш аулы, Қызан ауылы, Онды ауылдық округі мен Тұщықұдық ауылдық округінде 4 ауыл әкімі сайланды.
4. Түпқараған ауданы бойынша Ақшұқыр ауылының әкімі сайланды.
2021 жылдың 7 қарашасы күні Жаңаөзен қаласының жаңадан құрылған Кендірлі ауылында және Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы өтіп, ауыл әкімдері сайланды.
2021 жылдың 27 сәуірінде Ақтау қаласы Өмірзақ ауылы әкімінің басқа мемлекеттік жұмысқа ауысуына байланысты Өмірзақ ауылы әкімінің кезектен тыс сайлауы тағайындалып, өткізілді. Мұнайлы ауданы бойынша 2021 жылдың 26 ақпанында Баянды ауылы әкімінің сайлауы өткізілді.