Жаңа жылдық мереке күндері тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, шараларды өткізу керек. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ең маңызды әрі қажетті шара – халық денсаулығын сақтау. Сондықтан карантин талаптарын орындау керек.
-Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзіңізді көп нәрседен шектеу керексіздер, яғни қонаққа, қоғамдық орындарға, мейлінше қажет жағдайда ғана барып, ара-қашықтықтың сақталуын мұқият қадағалауды ұмытпаңыздар. Көпшілік жиналған жерде маскалық режимді сақтаңыздар,-деді Ғазиз Надуев.
Айта кетейік, өткен тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 жағдай тіркелді. Олар Ақтау және Мұнайлы ауданынының тұрғындары.
Бүгінде облыс көлемінде короновирусқа қарсы вакцинанының 1 компонентімен 189 002 адам (48,7%), 2 компонентімен 169 733 адам (43,7%) қамтылды. Тұмауға қарсы 120 376 адам екпемен егілді.