Маңғыстау облысында спорт саласының дамуына атсалысып, жетістікке жетіп жүрген спортшылар мен мамандар марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл маңғыстаулық спортшылар облыс қоржынына 1 425 медаль салды. Көбі Азия және Әлем чемпионаттарында бақ сынап, нәтижесінде 143 жүлде еншілеген. Атап айтқанда 42 алтын, 41 күміс, 59 қола жүлдені қанжығаға байлаған. Одан бөлек 4 адам Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 53 ҚР спорт шебері, 402 адам ҚР спорт шеберіне үміткер атанды.
Мерекелік шараны облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Маңғыстау тұрғындарының 37 пайызы спортпен шұғылданатынын айтты. Сонымен қатар облыста 119 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік барын және спорт кешендері, тегін үйірмелер салынып жатқанын тілге тиек етті.
Содан соң спорттағы әр бағыт бойынша үздік атанған 30 шақты спортшыға марапат тапсырды.
Биыл «Әйелдер арасында үздік спортшы» номинациясын самбошы Гүлдана Әлмұхамбетова алды. Ол Ташкентте өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан. Жақында ғана Семейде өткен Қаракерей Қабанбай батырдың жүлдесіне арналған республикалық турнирде бой көтеріп, 54 келі салмақта жеңіске жетті. Қазіргі таңда алда өтетін жарыстарға дайындық үстінде.
«2021 жыл мен үшін олжалы болды. Әлем чемпионы атанып, басқа турнирде жеңімпаз болдым. 11 жасымнан бері самбо спортымен айналысып келемін. Қол жеткізген жетістік көп. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды, алда жеңісті күндерге жету үшін әлі де еңбек етуім керек. Бүгін әйелдер арасында үздік спортшы атанғаныма қуаныштымын», - деді Гүлдана Әлмұхамбетова.
Ал қызандық Жұбатқан Сайынов «Үздік ауыл жаттықтырушы» номинациясын иеленді. Жұбатқан Сайынов 2010 жылдан бері қызандық жастарды кикбоксинг спорт түрінен жаттықтырып жүр.
«Қазіргі таңда 50-60 шақты спортшыға тәлім беремін. Шәкірттерімнің жетістігі қуантарлық. Әлем чемпионатында, әлем кубогында да нәтижелі өнер көрсетті. Атап айтқанда Өнербек Сейілбай әлем чемпионатынан 2-орын, Толғатов Жантілек әлем чемпионатынан 3-орын алса, Жанайызұлы Айбек Әлем кубогын жеңіп алды, ҚР чемпионы Бауыржан Қалдыбай есімді шәкірттерім бар», - дейді бапкер Жұбатқан Сайынов.
Оның айтуынша, ауылда спортшыларды жаттықтыру қиындау. Себебі спорт зал жоқ. Ал кәсіпкерлердің арқасында салынған спорт зал қолданысқа берілмей жатыр. Сондықтан жаттығуды мектептің спорт залында жүргізеді.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған арнайы номинациямен қатар бірнеше спортшы облыс әкімі атынан алғыс хатпен марапатталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА