Ала жаздай қуаңшылықтан тарыққан шаруалар Қарашөкеев мырза кездесуге шақырды деп елордаға барды. Бірнеше өңірден жиналған азаматтар ауыл шаруашылығы министрінің енгізейін деп жатқан заңдарына қарсы екенін жеткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шаруалар ауылдағы халық екі бастан артық мал ұстамау керек дегенмен және бірнеше субсидияның қысқартылуына наразы.
Біздің жағдайымыз нашар, Маңғыстауда мал күнде қырылып жатыр. Ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Елімізде төтенше жағдай жариялап, Маңғыстау өңіріне көмек берілсе дейміз. Ауыл шаруашылық министрі бізге дұрыстап көмектессін. Қазаққа мал бақтырмайын деп отырған заңдарын қабылдамасын. Министр заңды халықпен араласа отырып қабылдасын. Егер олай істей алмаса, отставкаға кетсін, - дейді маңғыстаулық шаруа Әділбек Сағындық.
Маңғыстаулық шаруа Әділбек Сағындық Маңғыстау халқының министрге ашулы екенін, оның жұмысына тіпті қанағаттанбайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ең қымбат мал азығы Маңғыстау облысында ғана. Мәселен қазір бір келі жем 115 теңгеден, бір орам шөп 18 500 теңгеден саудаланып жатыр. Яғни, бір қора малды бір ай асырау үшін 500 мың теңгеден де көп қаражат керек. Ал, малды сатайын десе оның құны басқа қажеттілікті ақтамайды дейді. Одан бөлек, маусым айында үкіметтен бір реттік көмек үшін бөлінген 1 миллиард 900 миллион теңгенің әлі де 700 миллионы игерілмегенін сынға алды. Ал ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мұны растап, қаңтарда ол ақшаны қалайда игереміз деді. Ал жыл басында бірінші орынбасарын Маңғыстауға жұмыс тобымен бірге жіберемін деп уәде етті.
5 қаңтарда депутаттармен келісіп, комиссияны жібереміз. Нұрлан Асқарұлымен сөйлестім, қаңтардың басынан бастап резервтен ақша сұраймыз деп келістік. Негіздеменің бәрін облыстық әкімдік ауыл шаруашылығы министрлігіне береді. Сосын, біз оның бәрін дұрыстап жасап, хатты қаржы министрлігіне жібереміз, - деді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Әр өңірден шаруаларды жинап алған министр қуаңшылықтан қысылған халыққа шөп жинап, тегін таратқан Құрмет Талапқазыны марапаттап жіберді. Ал мәселені айта-айта шаршаған шаруалар Қарашөкеевке «жүйелі жұмыс істелмесе, қара халыққа пайдаңыз тимесе, орныңызды босатыңыз» деді. Дегенмен, министр «отставкадан бұрын қазіргі мәселені шешіп алайық» деп міз бақпады.
Махаббат Нұржанқызы