Ақтауда 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай теңіз жағасында «Сарбаздар ән салғанда» атты саптық ән байқауы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Байқауға 7 команда қатысты. Олар сапта жүріп патриоттық әндерді шырқады. Шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысып, сарбаздарды мерекемен құттықтады.
-Қиын қыстау кезеңдерде білектің күшімен, найзаның ұшымен батыр бабаларымыз елді қорғаған. Бүгінде сол бабаларымыздың ұрпақтары мен ізін жалғастырып келе жатқан азаматтар өз қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз жолдауында қарулы күштер мен қорғаныс саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Жергілік атқарушы орган ретінде әскеріміздің айбынын арттыру бағытындағы жұмыстар орындалып жатыр. Баршаңызды Отан Қорғаушылар күнімен құттықтаймын, - деді қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Сонымен қатар шарада әскери оркестр өнер көрсетті. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Бас жүлдеге 30153 «Әуе базасы» әскери бөлімі ие болды. І орынды 25744 Жаяу теңіз әскерлер базасы әскери бөлімі, ІІ орынды Жағалау күзетінің І дивизионы, 51809 әскери бөлімі алды. Ал ІІІ орынға «Батыс өңірлік» қолбасшылығының 3502 әскери бөлімі мен І6656 Ұлттық ұлан әскери бөлімі тұрақтады. Ал 29011 әскери бөлімі алғыс хатпен марапатталды.