Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Айжамал Қалмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, жаңа заң мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді.
- 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру үшін әзірленді. Заңға сәйкес Қазақстанда мүгедектік себебіне қарамастан, I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде жәрдемақы енгізілді- , деді Айжамал Қалмағамбетова.
Спикердің айтуынша облыс көлемінде I топтағы мүгедектігі бар адамдардың саны 2485 болса, 1656 адам жеке көмекшінің әлеуметтік қызметін алады.
- Бірінші топтағы мүгедек күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы тағайындау үшін мемлекеттік корпорация, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүгінуге болады. Бірінші топтағы мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде тұрғылықты жері бойынша МӘС бөлімшесіне де өтініш жасауға құқылы. Бірінші топтағы мүгедек өтініш жасаған күннен бастап мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге жәрдемақы тағайындалады. Бірінші топтағы мүгедек және күтімді жүзеге асыратын адам бір елді мекенде тұруға тиіс- , деді Айжамал Қалмағамбетова.
Айта кетейік, заң аясында мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделген. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.