Маңғыстау полицейлері шетелдік автокөлік иелері арасында шетелдік көлік құралдарын сенімхат немесе сақтандыру полисі бойынша сатып алу қаупі бар екендігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады. Алайда, облыс жолдарында осы автомобильдер жасаған құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының саны азайған жоқ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мәселен, жыл басынан бері Маңғыстау облысының аумағында автоматтандырылған жүйелердің көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзған 5102 шетелдік автокөлік иесі анықталып, 30 млн теңгеден астам сомаға 2893 ұйғарым жазылды. Бұдан басқа, өзге де құқық бұзушылықтар үшін шетелдік нөмірлері бар автомашиналардың алты жүзден астам иесі жауапкершілікке тартылды.
Көп жағдайда бұл автокөлік иелері ұялы телефонды пайдалану және көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ көлікті қайта жабдықтау, тиісті сақтандыру полисінде тіркеудің болмауы сияқты құқық бұзушылықтар жасайды.
"Сондықтан, шетелдік нөмірі бар автокөлік жүргізушілерінен тиісті құжаттарға сәйкес болуын, заңда белгіленген ережелерге немқұрайлы қарамауын және тиісті техникалық регламенттердің, стандарттардың, нұсқаулықтардың талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын пайдаланбауын сұраймыз", - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.