Бүгін Алмас Ахметбекұлы «Маңғыстау-Медиаға» келіп, баспасөз қызметкерлерімен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Одан бөлек белгілі ақын, сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлы, дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Сержан Шакрат, мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек ардагері Саламат Нұрұлы қонақта болды.
Алдымен Алмас Ахметбекұлы сөз алып, алпысқа толған шағында Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасын аралап жүргенін айтты. Марқакөлден Маңғыстауға дейінгі аралықты қара өлеңге сыйдырып, туған жердің қасиетіне терең бойлады. Ақынның айтуынша, ол үшін туған жер тек бір ғана кіндік қаны тамған жер емес, оның туған жері – тұтас Қазақстан. Елдің әр өңірі ерекше дем, ұзаққа самғайтын қанат, шабыт сыйлайтынын баса айтты. Әрине жылы көңіл мен ақ тілекті арнайтынын да тілге тиек етті.
Әрі қарай ол есті әңгімесін өлең жолдарымен жалғады.
Ал Саламат Нұрұлы мен Сержан Шакрат маңғаз өлкеге келген Алмас Ахметбекұлына алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Содан соң Сайын Назарбекұлы өз сөзін «Ақын – халықтың үні» деп бастады. Оның айтуынша, халық болмаса, ұлттық тіл болмаса ақынның да болмайтынын ашық айтты. Сондай-ақ қазақ тілін сақтауда, ұлтқа жанашырлық танытуда еңбек етіп жүрген ақын Алмас Ахметбекұлына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Қабышқызы ұжым атынан алғыс айтып, республика деңгейінде аталып жатқан туған күнімен құттықтады.
Кездесу соңында күй тартылып, ақынның аз уақыт ішінде танылған «Көк тудың желбірегені» әні айтылды.
Еске сала кетейік, бүгін өңір жастары ақынмен бірге «Көк тудың желбірегені» атты өлеңді бірге орындады. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН