Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мүмкіндігі шектеулі адамдармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мүгедектікті, жәрдемақыны тағайындау, басқа өңірлерге барып емделуге квота бөлу, жол жүруге жеңілдіктер беру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта құру мәселелерін айтты.
Жауапты тұлғаларға бұрын салынған ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімдеуді және қазір салынып жатқан жаңа нысандарға пандустардың стандартқа сай орнатылуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударуды, олар үшін тең мүмкіндіктер жасауды тапсырған болатын. 2019 жылы барлық нысанды пандустармен жабдықтау туралы заң қабылданғанына қарамастан, бұл мәселеге немқұрайлы қараған фактілер бар. Жұмысты барынша жандандыру қажет. Біздің міндетіміз-бұрын салынған ғимараттардың көпшілігін мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу. Бірінші кезекте бұл мемлекеттік мекемелерге қатысты - мен келесі жылы мемлекеттік органдардың барлық ғимараттарын мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуын тапсырамын,- деді облыс әкімі.
Өңір басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеуге жағдай жасалатын жұмыстарға ҮЕҰ-ды белсенді араласуға шақырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы құрылыс нысандарын пайдалануға беру кезінде комиссия құрамына мүмкіндігі шектеулі жандарды қосу туралы тапсырма берді.
Жиын барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналғандарға barierovnet.kz жобасы туралы айтып берді. Бұл краудсорсингтік карта - қалалық ортаның мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаншалықты қол жетімді екені жөнінде халықты ақпараттандыруға арналған.
Жиналғандар Нұрлан Ноғаевқа мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғайтын кеңесші тағайындауды ұсынды. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдайтынын айтып, бұл қызметті атқара алатын үміткерді өздері таңдауға ұсыныс жасады.