Маңғыстаулықтар өңірде сұйытылған газ бағасының шарықтап бара жатқанына наразы. Бейнеу ауданының тұрғындары әлеуметтік желіде көлік отыны 85 теңгеден сатылып жатқанын айтса, Ақтаудағы газ құю бекеттерінде бір литр газдың бағасы 72-75 теңге аралығында, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірдегі сұйытылған газ бағасына қатысты бүгін қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Орынбасаров жауап берді.
Оның айтуынша, өңірде көгілдір отынға деген ай сайынғы қажеттілік 18 мың тоннаны құрайды. Ал оның 14 500 тоннасы Жаңаөзендегі «ҚазГӨЗ-ден» алынса, қалған 3 500 тонна сұйытылған газды Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты береді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта жоғарыда аталған газ көлемінің 70 пайызы электронды сауда алаңында сатылып жатыр. Ал келер жылдың қаңтарынан бастап көгілдір отын 100 пайыз электронды алаңда саудаға түседі.
Басқа облыстарға қарағанда біздің өңірде баға төмен. Атырауда баға жоғары болып Маңғыстауда төмен болса, Атыраудың газы бізге сатылмау қаупі бар. Сол кезде тапшылық болады. Тапшылық болса, тағы да бағаның өсуіне алып келеді. Сондықтан электронды сауда алаңына көшіп жатырмыз. Біздің өңірдегі газдың қымбаттауы Атырауда газ бағасының өсуіне байланысты. Ал кәсіпкерлер зауыттан сатып алған отын бағасының үстіне қосып сатады. Одан соң, көгілдір отынның бағасы сұранысқа да байланысты. Сол себепті бағаны нарық реттейді, - деді МО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Орынбасаров.
Махаббат Нұржанқызы